Астанадағы көпқабатты үйлерде су тапшылығы сумен жабдықтау көздерінің ғана емес, жалпы мегаполистердің бақылаусыз урбанизациясыме мәселесін де көтерді. Үкіметте шенеуніктер елордаға көші-қонды шектеу жоспарлары туралы айта бастады. Көші-қонды реттеуді енгізудің нақты мерзімдері әлі белгісіз, заңнамаға түзетулер әзірлеу сатысында тұр. Алдын ала ақпарат бойынша, тіркеуге шектеулер болуы мүмкін.

Алайда, елордадағы су тапшылығы — ірі қалалардың даму қарқыны халық санының өсуіне ере алмай, артта қалуына байланысты пайда болған инфрақұрылымдық проблемалардың басы ғана. Бүгінде әрбір төртінші қазақстандық үш мегаполистің бірінде тұрады. Ал егер бес жыл бұрын Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының жалпы үлесі ел халқының 20,8%-ын құраса, биыл ол 23,8%.

Үш мегаполистің әрқайсысында жыл сайын өңірлерден ішкі көші-қон есебінен тұрақты өсім байқалады, дегенмен әр қаланың қарқыны әр түрлі. Мысалы, халық 2017 жылдан бастап елордаға белсенді түрде көше бастады. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жалпы Астана тұрғындарының саны 2012 жылдан бастап 82,3% өсті. Егер он жыл бұрын елордада 742 мың адам тұрса, 2023 жылы шамамен 1,4 млн халық тұрады.

Алматыда да жағдай осындай: он жыл ішінде халық саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 2,2 млн адамға жетті. Салыстырмалы көрсеткіштерде бұл 49,1% көбейген деген сөз. Соңғы жылдар ішіндегі динамика 3%-4% аралығында болды. Ерекшелік тек 2015 және 2022 жылдар ғана.

Алты жыл бұрын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент халқы жыл сайын 3%–8% өседі. Сонымен қатар, максималды өсім 2022 жылы тіркелді.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мамандарының демографиялық болжамдарына сүйенсек, 2030 жылға дейін еліміздің ірі қалаларына көші-қон ағындарының жалғасуын күтуге болады. Алдағы жеті жылда Астанада халық саны тағы 30,5%, 1,8 млн адамға дейін (реттеу шараларын есепке алмағанда), оңтүстік астанада 17,5%, 2,5 млн адамға дейін, Шымкентте 22,2%, 1,5 млн адамға дейін өседі.

Мегаполистерге көшіп келгендердің ең көп үлесін әр қалаға жақын өңірлердің тұрғындары құрайды. Мысалы, Алматыда былтыр 75,7 мың мигранттың үштен екісі оңтүстік облыстардан келген. Шымкентке негізінен Түркістан облысынан көшіп келген (72,8%). Астанада көшіп келген 76 мың мигранттың тек 19,3%-ы Ақмола облысының тұрғындары болса, қалғандары еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Астанаға Қарағанды (8%) және Түркістан (9,6%) облыстарынан, сондай-ақ Алматыдан (7%) келген.

Өңіраралық көші-қон құрылымын талдау кезінде тек келген мигранттардың саны туралы мәліметтер пайдаланылды. Біз қандай да бір себептермен мегаполистерден кеткендерді есепке алмадық. Мұндай азаматтар да көп болғанымен, Астана, Алматы және Шымкентте көші-қонның жалпы сальдосы оң болмақ.

Астанада көпқабатты тұрғын үй қорының бақылаусыз өсуіне байланысты су тапшылығы елорданың жалғыз проблема емес. Халық санының көбеюіне кедергілер тізіміне өткен қыста мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеген жылумен жабдықтау жүйесінің қуат тапшылығын қосу керек. Әлеуметтік инфрақұрылымның халықтың нақты санына сәйкестігі де күрделі проблема болып қала береді. Елордада балабақшалар мен мектептер жетіспейді. Оқушы орындарының тапшылығы 20 мыңды құрайды, балабақшадағы балалардың кезегі 45 мың адамнан асады. Алматыда да осындай жағдай, балаларды балабақшаға немесе мектепке орналастыруда проблемалар бар.

«Мен бүгін қаланың мемлекеттік жер қорында әлеуметтік инфрақұрылымды салу және кеңейту үшін бос жер учаскелері, сондай-ақ демалыс орындары мен қоғамдық кеңістіктер жоқ екенін айтуға мәжбүрмін. Бұл проблемаларды біз тек құрылыс немесе қосымша құрылыстар салу немесе жеке меншік иелерінен ғимараттар мен жер учаскелерін сатып алу арқылы шешетін боламыз», — деп мойындады мегаполис әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуде. Ең жоғары даму қарқыны бар ең көп қоныстанған қалада тұрмыстық проблемалар да бар. Қала басшысының айтуынша, әл-Фараби даңғылының оңтүстігінде тұратындардың барлығы сапасыз ауыз су алады. Бес жеке коммуналдық жеткізуші компанияның үшеуі сумен жабдықтау үшін техникалық суды пайдаланады. Сонымен қатар, бұл қала бойынша орташа бағадан 3,5 есе қымбат.

Шымкентте қала халқының жартысына жуығы қалалық кәріз жүйесіне қосылмаған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, орталықтандырылған су бұру жүйелерімен қамту деңгейі небәрі 54% құрады (500 мыңнан астам адам). 2021–2025 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспарында Шымкенттегі су бұру инфрақұрылымының жағдайы өте төмен, қолданыстағы желілердің тозуы 73%. Қолданыстағы тазарту қондырғылары жеткіліксіз. Былтыр қалада екі кәріз коллекторы және бір кәріз сорғы станциясы салынды. Осының арқасында жүйеге 65 мың адам қосылды. Сонымен қатар, тағы жарты млн адам (жеке сектордың тұрғындары) су бұру мәселелерін өз бетінше шешуге мәжбүр — септиктер немесе көше дәретханаларын салып алудан басқа амалдары жоқ.

Барлық мегаполистерге ортақ проблемалар — көлік кептелісі және атмосфераның ластануының жоғары деңгейі. Екі астана да «Қазгидромет» РМК-ның еліміздегі ең экологиялық лас қалалар ретінде рейтингтің соңынан келе жатқаны бірінші жыл емес. Шымкент таза болғанымен, ластану деңгейі жоғары.

Үш қаланың деректерін өмір сүру сапасының бірнеше индикаторлары бойынша салыстыра отырып, тек Астана мен Алматының ғана бүкіл ел бойынша жұмысшылардың әл-ауқатының көрсеткіштері жоғары екенін атап өтуге болады. Шымкент көптеген өлшемдер бойынша республикалық деңгейге жетпейді. Мұнда жалақы мен жалпы өңірлік өнім айтарлықтай төмен (және бұл қала экономикасына тікелей әсер етеді).

Үлкен қалалардың тұрғындары төзуге мәжбүр болған қолайсыздықтар мен қиындықтарға қарамастан — кептелісте ұзақ күту, кезек, лас ауа — көптеген мигранттар үшін мегаполистердің мүмкіндіктері барлық кемшіліктерден асып түседі. Көптеген сапа индикаторлары растайды: мұндай ірі қалалардың тұрғындарында азық-түлік шығындарының үлесі аз, жұмыс табу, спортпен шұғылдану үшін жағдай жақсы, мәдениет нысандары, ауруханалар, университеттер және т. б. бар.

Сонымен қатар, облыс орталықтарына қарағанда мегаполистерде пәтер сатып алу қиынырақ Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, Шымкент пен Алматы тұрғын үйге қолжетімділік индексі бойынша соңғы орында тұр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйден пәтер сатып алу үшін Шымкентте 12 жыл, оңтүстік астанада — 10,7 жыл жинау қажет. Астанада көрсеткіш аз: 8,7 жыл. Бұл ретте Ақтөбеде, мысалы, 5,6 жыл, Оралда — 6,2 жыл жектілікті.